Алдағы үш жылда 100 мың қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасында білім алуға мүмкіндік алады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Coursera халықаралық секторының директоры Мэтью Кляйнның кездесуінде осы мәселе талқыланды. Басқосуға білім платформасының аймақтық серіктесінің өкілі Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Іс-шарада тараптар бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Coursera компаниясы арасында қол қойылған үшжақты меморандумның жүзеге асырылуын талқылады.
«Аймақтағы 25 жоғары оқу орнының студенттері Coursera платформасында оқи алады. Олар платформадағы курстарды таңдап, қазақ немесе орыс тілінде өте алады. Сәтті өткен курстар жоғары оқу орындарында кредит болып есептеледі. Қазірдің өзінде 50 курсты бейімдеу және аудару жұмыстары жүргізілуде. Coursera-мен ынтымақтастық қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуетіне оң әсер етеді деп ойлаймыз», – деді Саясат Нұрбек.
Coursera – сапалы білім мен қазіргі өмірге қажет дағдыларды кең тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы 250 университеті мен технология алыптарын біріктіретін, дүние жүзіндегі аса ірі білім беру ұйымы. Атап өтейік, Қазақстандағы Coursera қолданушыларының саны 361 мың адамға жетті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі