Еуразия ұлттық университетінде ЖОО проректорларының, ҚР жоғары білім және ғылым министрлігі өкілдерінің, студенттердің қатысуымен жастарды әлеуметтендіру бойынша екі күндік форум өтті. Іс-шара еліміздегі жоғары білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне арналған.
Форум жұмысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашты. Ол білім берудің қолжетімділігі, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы, инклюзивті білім беру, жоғары білім беруді интернационалдандыру, цифрландыру және тағы басқа да тақырыптарға тоқталды.
Министрліктің негізгі бағыттарының бірі жоғары білімге қолжетімділікті сақтау болып табылады.
«Неліктен бұл сұрақ өткір тұр? Оған себеп, демографиялық өсудің күшті өзгерістері. Студенттер саны 2025 жылға қарай 626 000-нан 800 000-ға дейін өседі. 2030 жылы олардың саны 1 млн-нан асады», - деп атап өтті министр.
Министр 2030 жылға қарай шәкіртақы мөлшері 100% - ға ұлғайтылатынын атап өтті. Гранттар саны жыл сайын 10 000-ға артып келеді. Елдегі демографиялық өсімге байланысты қосымша қолдау тетіктерін қарастыру көзделуде.
«Мемлекет басшысы 2% жеңілдікпен несиелендіруді енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, ұлттық әл-ауқат қорының таза пайдасы баланың шотына түседі, ол оқуға түскен кезде оның оқуға өз қаражаты болуы үшін», - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Министр студенттік жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.
«87 000 төсек-орын тапшылығы байқалады. Өткен жылы біз бұл көрсеткішті 75000-ға дейін төмендете алдық. Біз құрылыс салушылар үшін мемлекеттік тапсырыс шарттарын қайта қарадық. Білім берудегі үлкен құрылыс дәуірі басталады», - деді ведомство басшысы.
Министр инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі тұжырымдама мен жол картасын дайындау туралы да айтты. Оның айтуынша, ЖОО мен ҒЗИ-да инклюзивті білім берудің қолжетімділігі өте төмен.
Министр жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын кеңейту қажеттігіне тоқталды. Бұл үшін шетелдік университеттер, елдегі кампус филиалдарын салу үшін инвесторлар тартылуда. Мұндай жоғары оқу орындарының өңірлердегі филиалдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, сонымен қатар Ресейдің жақын аймақтарынан да студенттерді тартады. Саясат Нұрбек алдағы 7 жыл ішінде ҚР-да шетелдік жоғары оқу орындарының 12-13 филиалы ашылатынын атап өтті. Сондай-ақ, министр өңірлерде жаңа кәсіптер атласын енгізу туралы айтты. «Біз қазір атластарды өңірлік етіп жатырмыз, өйткені өңірлік экономиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Бес облыста мұндай атластар іске қосылды. Біз аймақтық университеттердің қызметкерлерін сертификаттауға үйретеміз», - деп түсіндірді ол.
Саясат Нұрбек ғылымның дамуына тоқтала келіп, университеттерге назар аударды және ашық ғылым моделіне көшу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Біздің ғылым 30 жылдан бері қаржыландырылмаған. Алдағы 3 жылда біз ғылымды қаржыландыруды 3,5 есеге арттырамыз. Өткен жылы 69 млрд. теңге болды, осы жылы 158 млрд. 2024 және 2025 жылдары 240 млрд. және 244 млрд. Алдағы үш жылда біз ғылымды қаржыландыруға 650 млрд. теңге бөлеміз», - деді министр.
Студенттер Батырхан Бейсембеков пен Олег Шишацкий өз сөздерінде жастарды қолдау және студенттер мен жоғары білім беру жүйесінің өзекті мәселелері туралы айтып берді.
Инклюзивті білім беру тақырыбына ғылым және жоғары білім министрінің инклюзивті білім беру мәселелері жөніндегі кеңесшісі Таңсәуле Серіков егжей-тегжейлі тоқталды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Ғылыми басқару және білім беру басқармасының басшысы Айгүлім Әбетова өз баяндамасында студенттердің психикалық денсаулығын сақтау туралы айтты.
Сондай-ақ форум аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатованың студенттердің дарындылығын басқарудың ұлттық моделі тақырыбына арналған баяндамасы тыңдалады.
Іс-шара барысында студенттік стартаптар, жоғары оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу шаралары, студенттер арасында салауатты өмір салтын дамыту және тағы басқа мәселелер талқыланды.